«Жауқазын» бөбекжай– бақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның тарихы
Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген «Жауқазын» балабақшасы өзінің тәрбиелік қызметін 1969 жылы 14-тамызда Махамбет аудандық Кеңесінің атқару комитетінің №188 қаулысымен №3 балабақша болып бастаған. №3 балабақша болып бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан бұл мекеменің алғашқы меңгерушісі Ақсұлу Балтабаева болды. Алғашқы жылдары шағын ғана топтан тұратын балабақша өз жұмысын сол кезеңдегі қоғамның сұранысына сай ұйымдастырып, балаларды қамқорлыққа алу, денсаулығын нығайту және білім-тәрбие беру бағытында еңбек етті. Құрылған уақыттан бері балабақша бірнеше кезеңнен өтіп, заман талабына сай жаңаша өзгерістер енгізді.
Махамбет аудандық білім бөлімінің 1970 жылғы 2-шілдедегі №154-бұйрығына сәйкес балабақшаға бұрын Махамбет мектеп-интернатында тәрбиеші болған Қарабаева Жәміш меңгерушілікке тағайындалып, 1970-1978 жылдар аралығында еңбек етті.
1977-1986 жылдар аралығында №3 балалар бақшасын Рахимова Сәуле басқарды.
Махамбет аудандық білім бөлімінің 1986-жылғы 3-маусымдағы №1581 бұйрығына сәйкес балабақша меңгерушісі болып сол кезде аудандық білім бөлімінде мектепке дейінгі тәрбие инспекторы болып қызмет атқарып жүрген Мырзагереева Гүлнар тағайындалды.
1996 жылы аудан әкімінің №307 шешімімен және аудандық білім бөлімінің №205 бұйрығымен гимназиялық топ ашылып, осы жылы аудан бойынша алғаш рет «Балбөбек» бағдарламасын эксперимент ретінде оқу-тәрбие жұмысына енгізу №3 «Жауқазын» балабақшасына сол кездегі облыстық білім жетілдіру институтынан тапсырылды. Аталған бағдарлама бойынша жұмыс оң нәтиже беріп, кейін аудан көлеміндегі барлық балабақшаға «Балбөбек» бағдарламасы енгізілді.
Балабақша атауы өзгеріп, Махамбет аудандық білім бөлімінің 1999 жылғы 1наурызындағы №48 бұйрығымен КМҚК «Жауқазын» балабақшасы болып бекітілді.
Бүлдіршіндердің бала бақшаға деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін арттыруда ерен еңбектерімен ерекшеленіп жүрген «Жауқазын» балабақшасының тәрбиешілері аудандық, облыстық педагогикалық оқуларға, кәсіби сайыстарға үнемі белсенділікпен қатысып отырады.
Оқу тәрбие жұмысы жылдан жылға жақсарып, 2000 жылдан бастап балабақша 2 қабатты бұрынғы Махамбет орта мектебі ғимаратына көшірілді.
«Жауқазын» балабақшасының педагогикалық ұжымы бүлдіршіндерді заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ болып қалыптасып-өсуге тәрбиелеумен қатар, олардың түрлі өнер байқауларына қатысып, жеңімпаздар сапынан көрінулері жолында да аянбай еңбектеніп жүр. 2001 жылы 1-маусым – балаларды қорғау күніне орай өткен мерекелік шараға белсене қатысқаны үшін арнайы дипломмен, 2002 жылы «Таңшолпан» аудандық байқауындағы ерекше өнерлері үшін 2-дәрежелі дипломмен марапатталды.
2002 жылы «Жауқазын» балабақша базасында облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институты мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Балбөбек» бағдарламасы бойынша оқыту мен тәрбиелеуді жетілдіру» тақырыбында облыстық семинар өтіп, аудан тәрбиешілері үшін тағылымы мен берері мол шара ретінде балабақша тарихында қалды.
Халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне ежелден мән беріп, келешегіне үміт артқан үрдісін жалғастырып келе жатқан «Жауқазын» балабақшасы ұжымы 2003 жылы облыстық «Таңдаулы балабақша-2003» байқауына қатысып, жүлделі 2-орынның тұғырына көтерілді.
Аудан тарихындағы ерекше жылдардың бірі болып саналатын 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырып балабақша бүлдіршіндері арасында ұйымдастырылған «Таңшолпан» өнер байқауында ертегі кейіптендіру номинациясы бойынша қатысқан бүлдіршіндер 2-орынға ие болды.
Ресейдің Қазақстандағы достық жылына орай өткен «Таңшолпан» аудандық байқауына қатысқан бүлдіршіндеріміз 2-дәрежелі дипломды алып, 2004- жылғы жеңістерімізді одан әрі еселей түсті.
Жас бүлдіршіндер тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар «Жауқазын» балабақшасы ұжымы 2004-2005 оқу жылын жақсы аяқтағаны үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Тынымсыз ізденіс пен ұйымшылдықтың жақсы нәтижелерге жетелейтіні тәжірибеден белгілі. Міне, осындай бірлескен еңбек 2006 жылы «Жауқазын» балабақшасы ғимаратының аудан бойынша «Үздік ғимарат» атағын жеңіп алуына септігін тигізді.
Басты міндеттері бала тәрбиесімен қатар ауданның мәдени өміріне белсенділіепен араласатын балабақша ұжымы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – ұранымыз, Желтоқсан – жыр-әніміз» атты мекеме-ұжымдар арасындағы өнер фестиваліне қатысып, III-дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Сәбилерге – туған ел шуағы» атты айлық аясында өткізілген «Айгөлек» фестиваліне қатысқан бүлдіршіндер хореография номинациясы бойынша арнайы дипломға ие болды.
2009-жылы мектепке дейінгі мекемелер арасында өткен аудандық «Салауатты балдырған» спорттық-интеллектуалдық эстафета ойындарына қатысқан спортшы бүлдіршіндеріміз жеңіс тұғырына көтеріліп, жүлделі 1-орынды жеңіп алды.
2010-жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс!» атты мекеме-ұжымдар арасындағы өнер фестивалінде ерекше өнер көрсеткені үшін «Жауқазын» балабақшасы ұжымы 3-орынға лайық деп танылды.
Егемен еліміздің мәңгілік болып, қазақ елінің мәңгі жасауы және «қазақ» атауының ешқашан өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпақтың қолында. Ал болашақ ұрпақты талапқа сай елжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде-бақша өмірінің рөлі зор. Осындай ұстаныммен жұмыс жасайтын балабақша ұжымы егеменді еліміздің дамыған өркениетті елдер қатарына жету жолында ғылым мен білім жүйесін жетілдіруге қосқан үлестері мен Елбасының «Қазақстан-2030» бағдарламасын жүзеге асыру жолында бүлдіршін тәрбиесіндегі ерен еңбегі үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын «Жауқазын» балабақшасы 4 топтағы 88 баламен, 13 педагог-маманмен қарсы алды. 2010-2011 оқу жылында «Балапан» бағдарламасы бойынша 25 балалық 1 топ ашылса, 2011-2012 оқу жылында «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында балабақшадан 50 бала қамтитын 2 топ ашылды.
Махамбет аудандық білім бөлімінің 2013 жылдың 28-қаңтарындағы №42 бұйрығымен «Жауқазын» балабақшасына Жумалиева Алмагүл Сейфуллақызы басшылыққа келді. Ізденгіш, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары Алмагүл Сейфуллақызы «бақшаны-бала бағбандарының мекені» деп тани отырып, балабақшаны-болашақтың қақпасына айналдыруымыз керек» деген қағиданы басшылыққа ала отырып жұмыс жасайтын педагог екендігін аз уақытта дәлелдей білді. 2013 жылы тәрбиеленушілеріміз ерлеп, аудандық «Айгөлек» балалар шығармашылығы байқауында, «Хореография» номинациясы бойынша Бас жүлдеге ие болып, облыстық байқауда аудан намысын абыроймен қорғап, жүлделі 3-орынды қанжығаларына байлады.
Педагог-тәрбиешілердің білімі мен кәсіби біліктілігін саралайтын бірден-бір дода – кәсіби сайыстар десек, балабақша педагогтары бұндай байқауларға ерекше ынтамен қатысып, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді.
2015-жылы 28 қазандағы аудан әкімінің №475 қаулысымен «Жауқазын» балабақшасы атауынан «Жауқазын» бөбекжай- бақшасына ауысты. Осы жылы Атырау қаласында өткен «Мерейлім, мақтанышым – Махамбетім!» атты Махамбет ауданының мәдениет күндеріне жоғары белсенділікпен қатысқан «Жауқазын» балабақшасының ұжымы аудан әкімі Е.Жаңабаевтың алғыс хатымен ұлығыланды.
2016-жыл – «Жауқазын» бөбекжайы үшін толағай табыстарға толы жыл болды. Жылдың жаңалығы – бөбекжай ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, бөбектерге құшағын айқара ашты.
2017-жылы өткен аудандық «Айгөлек» балалар шығармашылығы байқауында өнерлі бөбектеріміз топ жарып, «До, ре, ми» балалар оркестрі 1-орынға, Талғатқызы Аилина алғыс хатқа, бишілер тобы 2-орынға, Бөлекбай Мейіржан 3-орынға лайық деп танылса, театрлық-сахналық ертегі қойған бүлдіршіндеріміз байқаудың Бас жүлдесіне ие болып, облыстық сайысқа жолдама алды.
Сондай-ақ, халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін» атты аудандық (сырттай) балалар шығармашылығы фестивалінде бөбекжай ұжымы шығармашылық идеясы үшін 2-орынға ие болса, 1-мамыр, 9-мамыр мерекелерін атап өтуге арналған шараларға белесенділікпен қатысқаны үшін аудан әкімінің орынбасары Ұ.Тналиевтің алғыс хатымен марапатталды.
«Әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің» қатарына қадам басқан Қазақстанның сәулеттенуі мен рухани дәулеттенуі жолында жаңарған қоғамның білім саласын жетілдіре отырып, жаңа 2017-2018оқу жылына білім беру мекемесін сапалы дайындағаны үшін «Жауқазын» бөбекжайы аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталады.
2018 жылы «Жауқазын» бөбекжайы ұжымы ауданның мәдени -көпшілік шараларында белсенділік танытқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Айгөлек» мектеп жасына дейінгі балалар шығармашылық фестивалінің аймақтық кезеңін жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін бөбекжай ұжымы аудандық білім бөлімі Әдістемелік кабинетінің Алғыс хатымен марапатталды. Халықаралық балаларды Қорғау күніне арналған “Әрқашан күн сөнбесін” аудандық (сырттай) балалар шығармашылығы фестивалінде шығармашылық идеясы үшін «Жауқазын» бөбекжайының ортаңғы топ балаларының ұжымдық жұмысы аудандық білім бөлімінің ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.
2018 жылы Қазақстан Республикасы Халық артисі, бишісі Гүлжан Талпақованың 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған аудандық би фестиваліне қатысқан үшін бөбекжайдың “Айгөлек” би тобы бүлдіршіндері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
2018 жылы Аудандық мектеп жасына дейінгі жастағы балалардың арасындағы “Тіл- ұлт қазынасы” байқауына қатысып, тілдік мәдениетімен, сөйлеу шеберлігімен ерекшеленгені үшін бөбекжай тәрбиеленушісі Қабылжан Гауһар Рахимқызы аудандық білім бөлімінің Әдістемелік кабинетінің ІІІ Дәрежелі дипломымен марапатталды.
«Айгөлек» мектеп жасына дейінгі балалар шығармашылығының аудандық фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін “Жауқазын” бөбекжайының тәрбиеленушілері “Аю мен қояндар” ертегісінен “Бас жүлде”, “До,ре, ми” балалар оркестрі І дәрежелі диплом, Вокал номинациясы бойынша Талғатқызы Айлина ІІ дәрежелі диплом, “Айгөлек” бишілер тобы ІІ дәрежелі диплом, көркем сөз өнерінен Бөлекбайұлы Мейіржан ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
2018 жылы “Айгөлек” мектеп жасына дейінгі балалар шығармашылығының аудандық фестивалінде “Хореография” жанры бойынша қабілетімен ерекшеленген “Айгөлек” би тобы ІІІ Дәрежелі дипломмен, “Театрлық- сахналық” өнер жанры бойынша “Маша мен аю” ертегісінен Бас жүлде, облыстан ІІІ Дәрежелі дипломмен марапатталды.
2022 жылы 22 шілде айында Атырау облысы білім беру басқармасының Махамбет аудандық білім бөлімінің №187 бұйрығымен «Жауқазын» бөбекжай- бақшасына меңгеруші болып Гумарова Марина Куанышкереевна тағайындалды.
Тәрбиешілеріміз кәсіби шеберліктерін шыңдап, түрлі аудандық және облыстық іс-шараларда белсенділік танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
2024 жылы «Әке- асқар тауым» республикалық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша байқауға қатысушы «Нұржауған» ортаңғы жас тобының тәрбиеленушісі- Кәрім Айсұлтан облыстық кезеңнен І дәрежелі дипломмен марапатталды.
2024 жылы Мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Алақай, жаз келді»» облыстық байқауынан «Сәйгүлік» тобының тәрбиеленушілері ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.
2024 жылы «WorldSkills Atyrau» қозғалысы аясында өңірлік «BabySkills Atyrau-2024» чемпионатына «МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ» құзыреттілігі бойынша қатысқан тәрбиеленуші Аманкелдіқызы Хаджиже ІІ дәрежелі дипломмен марапаталды.
2025 жылы «BabySkills Atyrau-2025» чемпионатына «КЕСКІНДЕМЕ ЖӘНЕ СӘНДІК ЖҰМЫСТАРЫ» құзыреттілігі бойынша тәрбиеленуші Сайлау Айасыл ІІІ дәрежелі дипломмен марапалды.
2025 жылы Мектеп жасына дейінгі балалар арасында «Өнеріміз саған- Қазақстан!» республикалық фестивалінің облыстық кезеңінің «Музыка аспаптарында ойнау» бағыты бойынша бөбекжай оркестрі ІІ орынмен марапатталды.
Жарты ғасырға жуық терең тарихы бар «Жауқазын» бөбекжайында бүгінгі таңда қазақ тілінде 6 топта 140 бүлдіршін тәрбиеленеді. Тәрбиеленушілер бойына 20 педагог-тәрбиеші білім мен тәрбиенің дәнін себуде. Меңгеруші, әдіскер, психолог, дефектолог, музыка жетекшісі, хореограф, 12 тәрбиеші жұмыс жасайды.
Барлық педагогтер жоғары білімді, сарапшы- педагог-4, модератор- педагог- 16. Педагог мамандар өз білімдерін жетілдіру мақсатында жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамынан және «Балаларды ерте дамыту институты» орталықтары және т.б. курстардан өтіп, білімдерін жетілдіріп отырады.
Құрылған уақыттан бері балабақша бірнеше кезеңнен өтіп, заман талабына сай жаңаша өзгерістер енгізді. Жылдар бойы материалдық-техникалық база нығайып, топтар саны көбейді. Бала қабылдау орны артты.
Тәуелсіздік жылдарынан кейін балабақша жаңа мазмұндағы білім беруді қолға алып, мемлекеттік бағдарламалар мен стандарттарға сәйкес модернизациядан өтті.
2025 жылы ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалды.
Бүгінгі таңда балабақшада заманауи әдіс-тәсілдер қолданылып, балалардың жан-жақты дамуына бағытталған оқу іс-әрекеттері ұйымдастырылуда. Мекеме педагогтары инновациялық технологияларды пайдаланып, тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне сай көрсеткіштерін дамытуда. Балабақшаның тарихы – бірнеше буын педагогтердің еңбегі мен ізденісінің нәтижесі. Тәрбиешілердің кәсіби шеберлігінің арқасында мекеме ауданымыздағы ең беделді, тәжірибесі мол, талапқа сай білім беру ұйымдарының біріне айналды.
Бүгінгі таңда біздің бөбекжай-бақша:
- балаларды тәрбиелеу мен оқытуда жаңа стандарттарды енгізуде;
- ата-аналармен тығыз байланыс орнатқан;
- баланың тұлғалық дамуына басымдық беретін ұйымға айналды.
Осы жылдар ішінде балабақшадан білім алған көптеген бүлдіршіндер бүгін еліміздің түрлі салаларында еңбек етіп, қоғамға өз үлестерін қосып келеді.
Бөбекжайдың тарихы – саналы ұрпақ тәрбиесіне қызмет еткен ұстаздардың қажырлы еңбегі мен жауапкершілігінің жемісі.